«СКО елді мекендерінің аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалар»

Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 28 қыркүйеткегі № 21/3 шешімі

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-2-тармағына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының мәслихаты ШЕШТІ:

  1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары бекітілсін.
  2. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы
В. Бубенко 

Солтүстік Қазақстан облыстық
мәслихаттың 2022 жылғы
28 қыркүйектегі № 21/3
шешімімен бекітілді

1. Жалпы ережелер

1. Осы Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 168 бұйрығымен бекітілген Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидалары негізінде әзірленді және Солтүстік Қазақстан облысы аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету тәртібін айқындайды.

2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

  1. Жануардың иесі — жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;
  2. Жауапты адам – жануар иесінің осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;
  3. Ұстау орны – жануардың иесі және (немесе) жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар немесе жер учаскелері;
  4. Үй жануарлары (компаньон жануарлар) (бұдан әрі – үй жануарлары) – қай түрге жататынына қарамастан, адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде асырайтын және өсіретін жануарлар;
  5. Үй жануарларының өз бетінше серуендеуі – үй жануарларының ұстау орнынан тыс жерде жануар иесінсіз және (немесе) жауапты адамсыз өз бетінше болуы;
  6. Үй жануарларын серуендету – жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның жануарды ұстау орнының шегінен тыс жерге шығаруды көздейтін және жануардың қозғалыс белсенділігіне, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекеттері.

2. Үй жануарларын ұстаудың тәртібі

3. Үй жануарларын ұстау жөніндегі талаптарға мыналар жатады:

  1. Үй жануарларын күтіп-бағу жағдайлары олардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуге, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандырады;
  2. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес үй жануарлары ауруларының профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді және жоюды қамтамасыз ету болып табылады.

4. Үй жануарының иесі және жауапты адам алаңдаушылық туғызуға, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді.

5. Үй жануарларын төмендегідей орындарда ұстауға рұқсат етілмейді:

  1. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау және денсаулық сақтау салаларындағы заңнамасының талаптары бұзылған кезде қоғамдық орындарда, ұстау орындарында;
  2. Ортақ пайдаланылатын орындарда (баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, шектес балкондар, лоджиялар және ортақ пайдаланылатын қосалқы үй-жайлар);
  3. Ұй маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарынан басқа);
  4. Асүйлер мен жатақхана дәліздерінде.

6. Үй жануарларының иесі және жауапты адам тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың, оның ішінде кондоминиум объектілерінің, қоғамдық орындардың үй жануарларымен ластануына, қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол берілмейді.

7. Бірнеше отбасы тұратын тұрғынжайда (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй) үй жануарларын ұстау медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, барлық тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен жүзеге асырылады.

8. Бау-бақша, саяжай кооперативтерінің, демалыс үйлерінің аумақтарында санитариялық-гигиеналық ережелердің талаптарын сақтай отырып, үй жануарларын ұстауға жол беріледі.

9. Үй жануарлары бар адамдардың жатақханалар мен қонақ үйлерде уақытша болуына Қазақстан Республикасы заңнамасының санитариялық-гигиеналық және өзге де талаптарын сақтай отырып, жатақханалар мен қонақ үйлерде белгіленген ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес көрсетілген ұйымдардың келісімімен жол беріледі.

10. Үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Қарау мүмкін болмаған жағдайда үй жануарының иесі немесе жауапты тұлға:

  1. Жануарды үй жануарларына арналған панажайға уақытша күтіп-бағуға орналастырады;
  2. Үшінші адамдарға уақытша күтіп-бағуға береді;
  3. Зоологиялық жатынжайға орналастырады.

11. Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда жануар иесі және (немесе) жауапты адам үй жануарын одан әрі орналастыруға шаралар қабылдайды.

12. Иттер өздігінен серуендеуін және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауды болдырмайтын жағдайларда ұсталады. Мұндай жағдайлар болмаған кезде ит байлаулы немесе үйшікте болуы тиіс.

3. Үй жануарларын серуендету тәртібі

13. Үй жануарларын серуендету жеке тұлғалар мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкін зиян келтіруден қорғау шартымен жүзеге асырылады.

14. Үй жануарларының иесі және жауапты адам қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті өкілдікті органдар белгілеген тәртіппен үй жануарларын серуендету ережелерін сақтайды.

15. Үй жануарларын серуендету кезінде иелері және жауапты адам мынадай талаптарды сақтайды:

  1. Үй жануарларын тыйым салу белгісімен белгіленбеген орындарда ұзындығы 2 (екі) метрден аспайтын қарғы баумен тұмылдырықсыз серуендетеді, бұл ретте жануардың иесі немесе жауапты адам өзімен бірге қажет болған кезде итке дереу кигізетін тұмылдырық алып жүреді;
  2. Жергілікті атқарушы органдар белгілеген серуендету орындарында тұмылдырықты итке уақтылы кигізеді және қарғыбаудың лайықты ұзындығын реттейді;
  3. Үй жануарларын айналасындағыларға алаңдаушылық және кедергі келтірмей серуендетеді;
  4. Үй жануарлары көшелер арқылы немесе магистральдардың жанынан өткен кезде тұмылдырық кигізіледі және жол-көлік оқиғаларын және оның жүру бөлігінде апат болуын болдырмау үшін оны 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғы баумен ұстайды;
  5. Тыйым салатын жазбалар болмаған жағдайда иесінің иті тұмылдырықта және 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғы баумен мекемелерде, азық-түлік емес дүкендерде, поштада болуына рұқсат етіледі;
  6. Итті, егер бұл ретте қоғамға қауіп төнбесе, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, иттің денсаулығына қауіп төнбесе немесе оның еркін қозғалуына кедергі келтірілмесе, ғимараттың жанында 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғы баумен байлап және тұмылдырықта қалдыруға рұқсат етіледі.

16. Иттермен қорғалатын бекітілген аумақтары бар иелер және жауапты адамдар иттерді өздерінің базаларында, қоймаларында, өндірістік үй-жайларында тек түнгі уақытта және қоршалған аумақта еркін серуендетеді. Күндізгі уақытта иттер байлаулы немесе үйшікте болады.

17. Елді мекен аумағында:

  1. Иттердің өздігінен серуендеуіне;
  2. Олардың мінез-құлқын бақылауға қабілеті жоқ, оның ішінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамдарға үй жануарларын серуендетуге және олармен қоғамдық орындарда және көлікте жүруге;
  3. Мектепке дейінгі балалар, білім беру, дене шынықтыру-спорттық және медициналық, емдеу ұйымдарының, мәдениет ұйымдарының, балалар мен спорттық ойын алаңдарының аумақтарында және тыйым салу белгілері орнатылған, серуендеуге арналмаған өзге де аумақтарда үй жануарларын серуендетуге;
  4. Адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта үй жануарларын серуендетуге;
  5. Адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта, тоғандарда, субұрқақтарда және су бөгеттерінде үй жануарларын шомылдыруға және жуындыруға;
  6. Үй жануарларының қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында (көзі әлсіз көретін адамдарға арналған қызметтік иттер мен жетелеуші иттерден басқа), сервистік қызмет көрсету азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, мәдени мекемелерде (иттер қатысатын көрмелер, ойын-сауық және бұқаралық іс-шаралар өткізу жағдайларын қоспағанда), діни ұйымдарда (бірлестіктерде), балалар, білім беру, медициналық ұйымдардың үй-жайларында болуына және ұсталуына жол берілмейді.

18. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды.

4. Қағидалардың талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық

19. Жануар иесі және (немесе) жауапты адам осы Қағидаларды бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексіне сәйкес жауапты болады.

09.11.2022
Қаралым саны: 953